Басты бет » Колледж туралы

Колледжің 90 жылдығы


Кемел колледжімнің рухани жаңғыруы - 90жыл!

 

Ежелден Сыр елі білім мен ғылымның орталығы саналады. Бұл ретте  1928 жылы негізі қаланған республикамыздағы ең байырғы оқу ордасы Қызылорда медициналық колледждің алар орны ерекше. Бүгінде медициналық жоғары колледж мәртебесіне көтерілген білімнің қара шаңырағы 90 жыл ішінде 30 мыңнан астам білікті мамандарды түлетіп ұшырды. 

         Ғұмыр көші 90 жасқа келген, талайларға дәріс берген Сыр еліндегі ғана емес, республикамыздағы бірегей оқу ордасы қыркүйектің 28-інде өзінің айтулы мерейтойын республикалық деңгейде атап өтті.

         Қызылорда қаласының 200 жылдығымен тұспа тұс келген бұл игі шара колледждің бас оқу ғимаратында "Рухани дамыту" орталығының ашылу рәсімімен басталды. Орталықтың ашылу салтанатына 90 жылдық мерейтойға шақырылған республика аумағындағы колледж өкілдері, оқу орнының әр жылдардағы түлектері, емдеу мекемелерінің басшылары мен медицина саласының ардагерлері қатысты.

         "Рухани дамыту" орталығының ашылу лентасын қиған аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты  Мыңжас Нұрлыбек Кәрібозұлы өз сөзінде Қызылорда медициналық жоғары колледжіндегі мұндай орталықтың қаламыздағы іргелі оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып ашылып отырғандығына тоқталып, колледж ұжымын айтулы 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

         Орталықтың ашылу салтанатында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, оқу орнының 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың бастамасына сәттілік тіледі, сондай-ақ, колледждің 1950 жылғы түлегі, ҚР Еңбегі сіңген дәрігер, Қызылорда облысының "Құрметті Азаматы", ардақты ағамыз   Омаров Ернияз Омарұлы оқу орнының тарихында ұрпақтар сабақтастығы дәстүрінің озық үлгісі көрсетіліп келе жатқандығын атап көрсетті. Мұнан соң, колледждің сонау алғашқы 1928 жылы Қазақ Акушерлік Техникумі болып ашылған уақытынан бастап, киелі білім шаңырағын әр жылдарда бітірген түлектердің өмір тарихы, еңбек жолдарынан сыр шертетін "100 Жаңа есім" жинағының презентациясы ұсынылды. Тарихи жинақты таныстырып өткен колледждің "Рухани дамыту" орталығының меңгерушісі, колледждің ардагер ұстазы Шарапатов Ахмет Шарапатұлы өз сөзінде аталған шараның өткізілуіне былайша тоқталып өтті:

- ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілгендей еліміздің рухани жаңғыруының жаңа кезеңі басталды.

- Міне осыған орай, 90 жылдық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжі осы игі бастамаларды жүзеге асыру бағытында колледж тарихында жаңа мінберге аяқ басып отыр. Оның жарқын куәсі колледжімізде бүгінгі шымылдырығын ашып отырған "Рухани дамыту" орталығы мен колледж түлектерінің есімдері кірген "100 Жаңа есім" жинағы.

         Салтанатты шара соңында колледж директоры Тасмағанбетова Салтанат Сейтқалиқызы колледж түлектері мен ардагерлерге "Колледж мақтанышы-90жыл!"- мерейтойлық төс белгілерін тапсырды.

         90 жылдық мерейтойға арналған салтанатты шара колледжде өткен «Білімнің салтанаты мен бәсекелік қабілет - табысты болудың ең іргелі факторы» тақырыбындағы республикалық  ғылыми-практикалық конференциясымен ұласты. Конференцияда «Проблемы и перспективы сестринской службы в Казахстане» тақырыбында  «Қазақстанның медициналық колледждері Одағы», заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Шалхарова Жанар Сайлаубекқызы, «Білімнің салтанаты мен бәсекелік қабілет - табысты болудың ең іргелі факторы» тақырыбында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры Тасмағанбетова Салтанат Сейтқалиқызы, «Рухани жаңғыру-құндылықтар арқауы» атты баяндамамен Қызылорда медициналық жоғары колледжі «Рухани дамыту» орталығының меңгерушісі Шарапатов Ахмет Шарапатұлы және "Халықаралық стандарттарға сәйкес мейіргерлік қызметтің жаңа моделін енгізу" тақырыбымен колледж директорының орынбасары Байғабылова Ләззат Тілектесқызы   баяндамаларын таныстырды.

         Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 90 жылдық мерейтойының қорытынды іс-шарасы А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйіндегі салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Әсем безендірілген сахна, Сыр елінің өнерпаздарымен көрермендер көзайым бола білген сахналық қойылымдар мен мерекелік концерт салтанатты жиынға қатысушылардың мерейін үстем етті.

         Салтанатты жиында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рустемов Руслан Рүстемұлы, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі  Адами және ғылыми ресурстар департаменті директорының орынбасары Кусаинова Арман Сайлаубекқызы,  Қызылорда облысы Білім басқармасының басшысы Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, колледждің ардагер ұстаздарына, колледж оқытушылары мен бірқатар қызметкерлеріне мерейтойлық марапаттаулар тапсырды.

         Аса тоқталып өтер жәйт, колледждің 90 жылдық мерейтойы, тарих тағылымында колледждің алғашқы директоры, оқу ордасын табан аудармай 30 жылға жуық басқарған білікті басшы, жаны жайсаң жан, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер» Сара Төлегенқызы Дәуітбаеваның 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. Атадан мұра, ұрпаққа өнеге болар кемел колледжіміздің рухани жаңғыруының жаңа белесінде білім шаңырағына алдағы уақытта да толағай табыстар тілей отырып, алар асуларымыз колледжіміздің жүзжылдық дүбірлі тойына жетелесін демекпін.

 

Мақала авторы:

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің

экология пәнінің жоғары санатты оқытушысы       Н.Е.Әбдіқаниев

 

Фотогалерея
Сауалнама
Мұғалімнің жұмыс сапасын қалай бағалайсыз?

 жақсы
 қанағаттанарлық
 жаман

 
Хабарландыру
Видеогалерея
FOR PLAYER