Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу бойынша психологиялық кеңес өтті
Колледжде 1-2 курс білім алушыларына арналған «Жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу» тақырыбында психологиялық кеңес беру шарасы өтті. Іс-шараны колледж психологы Ж.Ашимова өткізді.
Кездесудің мақсаты – жастарды қазіргі қоғамда белең алып отырған зиянды әдеттерден сақтандыру, суицидтің алдын алу, саналы өмір сүруге, сапалы білім алуға және болашаққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу болды.
Педагог-психолог Ж.Ашимова өз баяндамасында суицидалды мінез-құлықтың себептері мен алдын алу жолдарын кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, өзін-өзі өлтіруге бейім мінез-құлық тек психикалық ауытқуы бар адамдарда ғана емес, дені сау тұлғаларда да кездесуі мүмкін.
Сондай-ақ психолог жастарға суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте тану, оны болдырмау жолдары, психологиялық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы маңызды ақпарат ұсынды.
Кездесу соңында сөз алған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Тұтқабайқызы студенттерге мұндай қиын жағдайлар туындаған кезде топ жетекшісіне немесе колледж психологына жүгінуге болатынын және олардың әрқашан қолжетімді екенін атап өтті.



