РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Бүгін Достық үйінде медицина саласының ардагері, дәрігер – ұстаз Раиса Әбдешқызы Көзденованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Сапалы медициналық көмек — медициналық білім берудегі оқыту тәсілдерін жаңғырту мен кәсіби құзыреттілікті дамыту нәтижесі» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алғаш болып, «Раиса Көзденова – медицина және педагогика тоғысындағы кемел тұлға!» атты деректі фильм көрсетілді. Колледж ұжымы дайындаған деректі фильмде Раиса Әбдешқызының еңбек жолы мен жетістіктері көрермен назарына ұсынылды.
Конференция модераторы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков ұстаз еңбегің ұлықтауға арналған шараның маңыздылығын атап өтіп, алғыс сөзді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетке берді. Мейрамбек Зинабдинұлы мерейтой иесіне құттықтап, аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының құттықтау хатын оқып беріп, иығына шапан жауып құрмет білдірді. Мұнан соң, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызының құттықтау хаты мен ықылас гүлін басқарма басшысы табыс етті.
Қызылорда облысының Құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Зікрияұл және Қызылорда облысының Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Әлима Жақыпқызы, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Болатбек Әбиұлына сөз беріліп, Раиса Әбдешқызының әріптестері ақ тілектерін жолдап, ғибратты ғұмыр иесінің асыл қасиеттерін сөз етті.
Сонымен қатар, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаев Раиса Әбдешқызына аймақтың бас ұстазы Асқарбек Есжановтың құттықтауын жеткізді.
Колледж оқытушылары «Ұстазым менің, ұстазым!» әнін хормен шырқады. Конференция түстен кейін пленарлық отырыспен жалғасты.















