КОНФЕРЕНЦИЯ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ҚЫЗЫЛОРДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы сақтандыру кеңсесі басшысы Скендер Сыла, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жұмысымен танысты.
Ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде 2840 студент білім алады, 142 оқытушы еңбек етеді. Іскерлік ынтымақтастықты арттыруда шет елдердің медициналық оқу орындарымен тәжірибе алмасу тұрақты жүргізіліп келеді.
Білім ордасы Түркияның «Acibadem», «Liv Hospital», «Medicana Atasehir» және «Medical Park» клиникалар желісімен, Қырғызстан Республикасының медициналық қауымдастығымен, Өзбекстан Республикасының Әбу Әли Ибн Сина қоғамдық денсаулық техникумымен, Рига медициналық колледжімен меморандумға отырған. Сондай-ақ, Талдықорған медициналық жоғары колледжімен академиялық дербестікке жол ашу туралы меморандумға қол қойылды.
«Емдеу ісі», «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша 30 бітіруші солтүстік облыстарда, «Фармация» мамандығын бітіруші 6 студент Алматы қаласындағы «Ботаникалық бақта» практикадан өткен. Рига медициналық колледжінде 3 білім алушы оқуын жалғастыруда.
Колледждің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып келеді. Пирогов интерактивті-анатомиялық, VR-жаттығу құралдары, AcademiХ VR, Academix 3D тренажерлары бар виртуалды оқу кабинеттерімен жабдықталған. Емдік фитошайлар өсіретін «Жасыл аптека» жылыжайының макеті орналастырылған.
Оқу ғимаратында акт залы, білім алушылар бос уақытында демалатын самалжай, хирургия, акушерия және гинекология, педиатрия, терапия саласының ардагерлеріне арналған атаулы кабинеттер бар. Тарих пәнінің оқытушысы А.Ш.Шарапатов атындағы, «Мейіргер ісі негіздері» пәні бойынша атаулы кабинеттер және спорт залмен де жабдықталған.






