Жаңа оқу жылы – жаңа белестер мен жарқын үміттердің бастауы
1-қыркүйек – Білім күніне орай Қызылорда жоғары медициналық колледжінде «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» атты салтанатты жиын өтті. Алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан жас толқын мен білім ордасының ұстаздары үшін бұл күн ерекше маңызға ие болды.
Салтанатты шара аясында еліміздің басты құжаты – Конституцияның құндылықтары мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының өзара байланысы кеңінен насихатталды. Болашақ медицина мамандарының бойында тек кәсіби біліктілікті ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы екені атап өтілді. Салауатты өмір салты мен таза қоршаған ортаның адам денсаулығы үшін маңызы зор екенін ескерсек, бұл тақырыптың болашақ дәрігерлер мен мейіргерлер үшін өзектілігі жоғары.
Жиын барысында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сыргүл Молдраймова сөз сөйлеп, жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен жылы лебізбен құттықтады. Ол өз сөзінде білім мен тәрбиенің егіз екенін, заманауи медицина қызметкеріне тән асыл қасиеттер мен жауапкершіліктің маңызын айта келе, барша студенттер мен ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, сарқылмас қуат пен толағай жетістіктер тіледі.
Білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттері үшін бұл күн үлкен өмірге жасалған батыл қадам болды. Олардың алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының білікті де аяулы мамандары болып шығарына сеніміміз мол. Тарихы терең, ғибраты мол білім шаңырағында білім алатын жастардың талабы таудай.
Қызылорда жоғары медициналық колледжінің ұжымы мен студенттерін Білім күнімен тағы да құттықтаймыз! Барша студенттерімізге білім жолында биік белестерді бағындырып, оқуда тек қана озық болуды тілейміз.
Жаңа оқу жылы сәтті, берекелі әрі жемісті болсын!









