«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»
Бүгін колледжде 9-сыныптан кейін оқуға түскен 1-курс білім алушы қыз балалармен «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Т. Молдраймова, колледж психологы Ж. Ашимова және техникалық қызметкер М. Нагызбаева қатысты.
Кездесуді ашқан Сырғұл Тұтқабайқызы:
– «Қыз» – қасиетті сөз. Оның қасиеттілігі – бүкіл адамзат қыздан тарайды. Қыз – келін, келін – ана, ана – әже болып, ұрпақ тәрбиелеп, ұлтты жалғастырады. Қыз абыройы – болашақ отбасының беріктігі, босағаның мызғымастығы, – дей келе, қыздар арасында кездесетін түнгі жүріс, алаяқтық, мәдениетсіздік секілді зиянды әрекеттердің алдын алу қажеттігін атап өтті.
Колледж психологы Ж. Ашимова қатар-құрбылар арасында туындайтын келіспеушіліктерді қалай тиімді шешуге болатыны жөнінде баяндама жасады.
Ал техникалық қызметкер М. Нагызбаева қыздарды тазалықты сақтауға, қоғамдық мүлікке ұқыптылықпен қарауға және тазалықшы апайларға құрмет көрсетуге шақырды.
Кездесу барысында ұйымдастырушылар қыз балалардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ой бөлісті.



