(KAZ) МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

Sorry, this entry is only available in Kazakh and Russian.

Бүгін колледжінің құрылғананына 95 жыл, білікті басшы, дәрігер Даутбаева Сара Төлегенқызының 90 жылдығы атап өтілді. Өздеріңіз тарихтан білетіндей ХХ ғасырдың басында Кеңес үкіметі «Сауатсыздықты жою» ұранын жариялап, елді жаппай сауаттандыруға жұмыс жасай бастады. 1928 жылы Қазақстанда оқу орындарының ішінде алғаш рет «Қазақ акушерлік техникумы» деген атпен қазіргі Қызылорда медициналық жоғары колледжі ашылады. Одан бері оқу орнының атауы заман талабына қарай медициналық училище, медициналық колледжі, медициналық жоғары колледжі болып өзгере берді. Оқу орнының миссиясы тұрғындар денсаулығын нығайту, оларға қауіпсіз, сапалы, сұранысқа сәйкес медициналық-санитарлық қызмет ұсыну болып айқындалды.

Оқу ордамыз өзінің 95 жылдық тарихында 40 мыңнан аса маман даярлаған. Соғыстан кейінгі 50 жылдардағы түлектердің ішінде белгілі дәрігер-ғалымдар, тарихта есімдері қалған ірі тұлғалар Ернияз Омаров, Варлен Исаев, Базарбай Атабаев, Шәріпбай Альназаровтарды білмейтін адам кемде кем болар, одан кейінгі кезеңдерде облысымызға белгілі дәрігерлер Амангелді Әбдібаев, Сапура Сәрсенбаева, Әмірбек Шамкенов, Аян Егізбаев, Аида Жулаева, Ұлан Байбактин сынды азаматтар бүгінде ел медицинасының жауапты салаларында абыроймен қызмет етуде.

Колледжіміздің бүгінгідей кемел келбетінің қалыптасуында әлеуеті мықты педагогикалық қызметкерлер мен басшылық еткен директорлардың еңбегі орасан. Солардың ішінде 60-жылдардан бері директорлық қызметте болған шоқтығы биік, жаны нәзік, Даутбаева Сара Төлегенқызы. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер», Сара Төлегенқызы 1962-1991 жж.аралығында 29 жыл директорлық қызмет атқарды, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтудағы ілкімді істері студенттері мен әріптестерінің жадында, оның бастамасымен салынған жаңа оқу ғимараты мен жатахақханасы осы күні оқу орнының игілігіне қызмет етуде. Өмірінде осындай сәулелі істерімен көптің жадында қалған Сара Даутбаеваға арнап колледж ұжымы «Сағынышқа айналған сәулелі ғұмыр» – атты естелік өмірбаян-кітабын жарыққа шығарды.

1991 жылдан бастап училище директорлығына білікті дәрігер, мықты ұйымдастырушы Көзденова Рая Әбдешқызы келді, Рая Әбдешқызы басқарған жылдары ҚР Тәуелсіздігі жарияланып, барлық сала тың серпілістер мен өзгерістерге сұранып тұрған еді. Сол кездері өзінің авторлығымен 12 оқулық пен оқу құралдарын мемлекеттік тілде баспадан шығарып, кітапхана қорын толықтырды. Бүгінде зейнеттегі дәрігер, медицина саласының ардагері Рая Әбдешқызы ортамызда, ол кісінің бай өмірлік тәжірибесі бізге өнеге.

“Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі”, қазірде Қазақстан Республикасы Парлементі Сенатының депутаты Әльназарова Ақмарал Шәріпбайқызы басшылық еткен 2007-2013 жж.-ры оқу ордасы бәсекеге қабілетті, кәсіби әлеуеті жаңарған оқу орнына айналды. Одан кейінгі жылдары басқарған Ибраева Азима Балтабаевна, Култаева Лайла Айтбаевналардың қолтаңбалары оқу орнының мұрағатын толықтыруда.

2017 жылдан бастап колледжіні білікті менеджер Тасмағанбетова Салтанат Сейтқалиқызы басқарып келеді, өзінің басқарушылық жолында алдыңғы аға буынның ізін жаңаша сипатта жалғастыруда. Әлемдік білім беру стандарттарына сай Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавр біліктілігі бойынша мамандар даярлау ісін жемісті іске асыруда. Қазіргі таңда колледжімізде 9 мамандық даярланады, білім алушылар контингенті 3000 ға жуықтады, сандық-сапалық құрамы жоғары 150–ден аса оқытушы жұмыс жасайды. Жоғары әлеуеті қалыптасқан қазіргі оқу ордасының материалдық-техникалық базасы -білім алушының кәсіби машықтануын қалыптастыруға толық жауап беретін деңгейге көтерілді. Сондай-ақ, мамандықтардың білім беру стандарттарында қарастырылған өндірістік, дипломалды практикалардан білім алушылардың талапқа сай өтуін қамтамасыз ету үшін облысымыздағы 48 емдеу, алдын-алу мекемелерімен келісім-шарттар жасалған, осы келісім-шарттар негізінде студенттеріміз облыс орталығындағы, аудандардағы, тіпті ауылдық елді мекендерге дейін барып іс тәжірибеден өте алады.

2022 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарын (ТжКБ) аттестаттау нәтижесінде Колледжіміз мемлекеттік аттестациядан сәтті өтті. Дәл осы уақытта Республикалық «Орда Серт» ЖШС-сі колледжіні Сапа менеджменті жүйесіне тексеріп, сәйкестік сертификатын табыстады.

Қазіргі таңда колледжде 3 оқу ғимараты бар, осы тұста айта кететін жаңалық, 2019 жылы желтоқсан айында «ДилМаш» компаниясы мемлекеттік – жеке серіктестік негізінде 330 орындық жатақхана салып, білім алушылардың тұрмысына берілген болатын. Сондықтан бұрынғы жатақханамыз 3 оқу ғимараты болып қайта жасақталды.

Қазіргі медицина – медицина қызметкерлерінен кәсіби маман болып қана қоймай, үнемі білімдерін жетілдіруді талап етеді, сондықтанда оқытушы құрамының біліктілік жетілдіруі бүгінгі таңда 100% құрап отыр, ал бітірушілеріміздің соңғы үш жылдағы Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығына тапсырған қорытынды аттестаттауы 85-95% аралығын көрсетуде.

Сондай-ақ, бітірушілердің жұмысқа орналасу көрсеткіші соңғы үш жылда 80-85% құрайды, бұл көрсеткіш еңбек нарығында біздің түлектерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Облысымыздағы медициналық білім беретін бірегей оқу орны- Қызылорда медициналық жоғары колледжі өзінің 95 жылдық тарихында антына адал мамандарды ғана емес, жүректері ізгілік пен мейірімге толы абзал жандарды да тәрбиелеп шығарды, оқу орнының беделі осымен биік, осымен мәртебелі!

«Медициналық білімнің-қайнар бұлағы» -Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 95 жылдық мерейтойымен Сіздерді құттықтаймын! Осынау мерейтоймен қатар білікті дәрігер, ардақты ұстаз, мықты ұйымдастырушы Даутбаева Сара Төлегенқызының 90 жылдығы аталып өтуде.

Қабат келген қос мереке баршаңызға құтты болсын!

Колледжіміздің алдағы 100 жылдық мерейтойына да айқын мақсатпен, биік талаппен, оң нәтижемен жететінімізге сенеміз!

You may also like...