«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТӘУЕЛСІЗ МЕЙІРГЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН ЕНГІЗУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТУДЕ
Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасында тәуелсіз мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, онлайн режимде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге, Германия, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері, ғалымдар, барлық өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары, дәрігерлер, мейіргерлер, медициналық оқу орындары мен клиника басшылары қатысты.
Конференцияның мақсаты – халықаралық тәжірибені ескеріп, тәуелсіз мейіргерлік қызметті дамыту, орта медициналық қызметкерлердің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлін арттыру, олардың басқарушылық, сараптамалық, клиникалық құзыреттілігін нығайту.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысына, Сыр медицинасындағы жаңашылдықтарға тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деген болатын. Өңіріміздің медицина мекемелерінде 12 мыңға жуық мейіргер еңбек етеді. Олардың халық денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі өлшеусіз деп айтуға болады. Дені сау ұрпақ – Әділетті Қазақстанның келешегі. Ұлт саулығын нығайтып, сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Өткен жылы аймақтың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгені құрады. Медицина саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету де басты назарымызда. Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 144 млн теңге бөлінді” деді облыс әкімі.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жасалған баяндамалар, айтылған ой-пікірлер, ұсыныстар сарапталып, оң нәтиже береді деп сенеміз», – деді Н. Нәлібаев.
Конференцияда Ақмарал Әлназарова, Ханс Клюге, Скендер Сыла сөз сөйлеп, медицина саласындағы жетістіктерге тоқталды. Денсаулық сақтау министрлігі С.Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Құлқаева, Қызылорда жоғары медициналық колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Қалмақова баяндама жасады.
Конференция жұмысы одан әрі Қызылорда медициналық колледждің бас ғимаратында жалғасуда.





