БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ БАҚЫТ АПАЙ
Күз. Айнала сары түске боялып, Сырдың самал желі ақырын ғана есіп тұр. Бақыт Егізбайқызы кеше де жұмысынан кеш қайтты. Себебі бастаған ісін аяқсыз қалдырып кете алмайды. Жауапкершілік еңбекқор жанның әркез жадында.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында колледжге оқытушы болып келген жан, екімыңыншы жылдан бері директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді. Жұмысқа асығатын себебі оқу орнының ең жауапты міндеттері апайдың басты жоспарында. Тіпті Денсаулық сақтау басқармасынан, Білім басқармасынан келген тапсырмалар да, жауабын күткен қызметтік хаттар, сұрағы көп студенттер, тіпті кабинетінің алдында ата-аналар күтіп отырады.
Адамгершілігі мол ардақты жан әрбір адамның көңілін жықпай, жандүниесіне жақын келіп, жанашырлық танытады. Апайдың алдына сотқар болып барып, «жаным, көкем» деп еркелеткен кезінді тентектігін ұмытып шыққан талай студенті көрдік. Әркез қызметтік міндет те, мәселе де білікті Бақыт апайдан әрі аспайды.
Бақыт Егізбайқызы институтты педиатрия мамандығы бойынша тәмамдаған, уақыт өте келе невропатология мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп, бүгінде білікті невропатолог дәрігер. Үнемі ізденіс пен тынымсыз еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, әріптестерін де қолдап, жас мамандарға жол көрсетіп келеді. Медициналық білім берудегі сан жылғы еңбегі еленіп, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер»«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
Бақыт Егізбайқызы асыл жар, үш қыз, бір ұлдың аяулы анасы, немерелерінің асыл әжесі. Шаңырағының шырайын кіргізген ибалы келіннің парасатты енесі. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген ұлағатты жан.
Бүгін де Бақыт Егізбайқызы арбаттың бойымен таңмен таласа жұмысына асығып келеді. Ғимаратқа кірген бойда оны әріптестері мен шәкірттері ерекше көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Туған күнімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды. Ұжымның апайға деген бұл ілтипатынан ұстазға деген құрмет, әріптеске деген сыйластықтың жылы лебі сезілді.
Аяулы Бақыт Егізбайқызы, сізді асқарлы алпыс жастан асуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық, қызметіңізге толайым табыс тілейміз!
Ізге ниетпен: Қызылорда медициналық жоғары колледжінің ұжымы


