МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!!
Әзиз әжелер, ардақты аналар, аяулы әпкелер, ару қыздар! Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жазушы Мұхтар Мағауин ХХ ғасырда қазақ әйелін: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» деп бағалаған еді.
Жаңа ғасырда да асыл аналар салған дара жолды жалғастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен жандар бар. Олар – бойынан ұлтымызға тән қайрат пен еңбек, қайсарлық пен шыдам, ізгілік пен жанашырлық сияқты асыл қасиеттер табылатын әрбір қазақ әйелі.
Ұлағатымен ұйытып, пайым-парасатымен жол көрсеткен әзиз әжелеріміз, мейірім мен жылулықтың шуағын шашқан аналарымыз және көздері ботадай, жүздерінен нұр төгілген, үлбіреген сұлу қыздарымыз. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы жарасым тапқан әлемдегі ең сұлу қазақ әйелдері!
Сіздердің ақыл-парасаттарыңыз, қажыр-қайраттарыңыз, әдептілік пен көркем мінездеріңіз – бүгінгі қоғамның ажары. Көктемнің шуақты мерекесінде барша аналардың мерейі үстем болып, инабатты қыздарымыздың бағы жансын! Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ әйелдер қауымына зор денсаулық, шаңырақтарына шаттық пен береке тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Қалмақова Жанар Амангелдіқызы
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры










