Қызылорда медициналық жоғары колледжінде қос мерекеге арналған салтанатты шара басталды!
Бүгін, 2 қазан күні оқу орнымызда «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» және «5 қазан – Ұстаздар күні» мерекелеріне орайландырылған мерекелік іс-шаралардың шымылдығы түрілді. Ұрпақ сабақтастығы мен ұстаздық ұлылықты ұлықтаған бұл күннің маңызы зор.
Шараның алғашқы бөлігінде колледж ұжымы мен оқытушылары білім ордасының ауласындағы «Ардагерлер аллеясында» тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Колледж үшін бұл аллеяның орны өте ерекше. 2019 жылы негізі қаланған бұл мекенде кезінде медицина мен білім берегу саласында өлшеусіз еңбек сіңірген біртуар тұлғалардың құрметіне жас шыбықтар егілген болатын. Бүгінде сол жас бұталар мәуелі, көлеңкелі үлкен ағаштарға айналды:
• Медучилищенің 1969-1991 жылдардағы директоры Дәуітбаева Сара Төлгенқызының;
• Оқу орнымыздың әр жылдардағы мақтаныш-түлектері — Қалиев Кеңесбай Смағұлұлының, Шәріпбай Әлназаровтың, Ернияз Омаровтың;
• Колледжімізді 1991-2007 жылдары үлкен абыроймен басқарған Көзденова Рая Әбдешқызының құрметіне егілген дарақтар бүгінде жайқалып тұр.
Мерекелік шараның салтанатты шымылдығын ашу ретінде колледждің Мәжіліс залында арнайы мерекелік жиын өткізілді. Жиын барысында колледж директоры Әбілпатта Алмас Әбдіғаппарұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздар мен аға буын ардагерлерді айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
«Үлкеннің жолы — өнеге, ұстаздың сөзі — ғибрат» демекші, аға буынның ақ батасы бізге әрдайым күш береді. Мерекелік жиында колледждің ардагер ұстазы, Академиялық доцент Сейтманбетова Нейля Қалмырзақызы да лебіз білдіріп, жүрекжарды құттықтауымен қатар, жас буынға өзінің ақ батасын берді.
Қос мерекеге арналған игі шара мерекелік концерттік бағдарламамен ұласты. Ардагерлеріміз аман, ұстаздарымыздың мәртебесі биік болсын!













