СЫР МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ПАРАҚТАЛДЫ: «ДӘРІГЕР – АДАМ ӨМІРІНІҢ САҚШЫСЫ»
Халықаралық дәрігерлер күніне орай, 7 қазан күні Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Дәрігер – адам өмірінің сақшысы» атты тағылымы мол тарихи-танымдық кеш өтті.
Маңызды іс-шара «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» мекемесі мен Қызылорда медициналық жоғары колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Шараның басты мақсаты — адам жанының арашасы болған дәрігерлердің еңбегін ұлықтау және болашақ медицина мамандарына алдыңғы буынның сара жолын үлгі ету.
Кеш аясында облыстық мемлекеттік архив қорларынан алынған бірегей құжаттар негізінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге аймақ медицинасының дамуына өшпес із қалдырған біртуар тұлғалар — Кәрібай Төлеутайұлы, Төрехан Абишев және Тұрғанбай Махановтың бұрын-соңды жарияланбаған өте құнды, тың деректері, қолжазбалары мен тарихи суреттері қойылды.
Шара барысында Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Бахыт Сәбиұлы Аңсатов пен колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Молдрайымова Сыргүл Тұтқабайқызы сөз сөйлеп, бірлескен жобаның жас буын үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, архив басшысы Бахыт Аңсатов екі мекеме арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін колледж архивариусы Сәуле Әшімқызына салтанатты түрде Алғыс хат табыс етті.
Кеш колледж студенттерінен құралған «Мейірім» би тобының әсем биімен, студенттердің орындауындағы «Ерке сылқым» күйімен және керемет әндермен өрнектеліп, шара соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
Өңір тарихын түгендеп, өткенді ұлықтау жолындағы қос ұжымның бірлескен жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таба бермек!














