ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ТУРАЛЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Қызылорда медициналық жоғары колледжінде студенттердің трансплантология және мәйіттік донор жайлы білімін арттыру мақсатында «Трансплантация. Донордың маңыздылығы» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Бұл шара болашақ медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығын нығайтып, қоғамда донорлық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосатын мамандарға мол ақпарат беруді көздеді.
Іс-шараға Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының директоры, PhD доктор, Қауымдастырылған профессор, трансплантолог Баймаханов Жасұлан Болатбекұлы және Қызылорда облысы бойынша трансплант-үйлестіруші Нұрсұлтанова Лиза Нариманқызы арнайы шақырылды. Сондай-ақ, мәйіттік донордан бүйрек трансплантациясын жасатқан Меирбекова Нұрсәуле Дәуітқызы және туыстық донордан ота жасатқан Оралова Мақпал Асқарқызы, донор ағасы Оралов Ғазиз Асқарұлымен бірге қатысты.
Семинар барысында 3-4 курс студенттері 6 топқа бөлініп, транцплатология және донор, бүйрек ауруының алдын алу тақырыптары жөнінде презентация жасады.
Кездесуге келген білікті мамандар 2024 жылы Қызылорда қаласында 6 науқасқа туыстық донордан бүйрек трансплантациясы жасалғанын айтты. 1 науқасқа бауыр ауыстыру отасы жасалған. Бүгінгі күні бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын 361 адам диализге қатынайды. Донорға мұқтаж 144 адам күту парағында тұр. Ал, оларға донор жоқ. Мәйіттік донор табу тіпті қиын. Еліміз бойынша мәйіттік донорды дамыту өзекті. Себебі бір адамның мәйітінен алынған ағза бірнеше адамды өлімнен арашалап, ары қарайғы өмір сүруіне мүмкіндік сыйлайды.
Студенттер қонақтарға сұрақтарын қойып, жауап алды. Колледж басшысы Жанар Амангелдіқызы жастармен кездесуге арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.









