Кітап — рухани қазына: Колледж студенттері «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылды
2026 жылдың 4 қыркүйегінде Қызылорда жоғары медициналық колледжінде білім алушы жастардың рухани дүниесін байыту және оқу мәдениетін дамыту мақсатында маңызды шара өтті. Колледждің кітапхана бөлімінің меңгерушісі Жаманкулова Айнұр Есенжолқызының ұйымдастыруымен студенттерді ауқымды «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркеу және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны — халық арасында, әсіресе жастар ортасында кітап оқуға деген қызығушылықты оятуға, кітаптың адам өміріндегі баға жетпес маңызын насихаттауға бағытталған бірегей мәдени-ағартушылық жоба. Марафонның негізгі мақсаты — кітап оқитын, білімге құштар, ой-өрісі кең және рухани бай ұлт қалыптастыру.
Шара барысында Айнұр Есенжолқызы студенттерге марафонның шарттары мен ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Марафон форматы бойынша қатысушылар белгілі бір мерзім ішінде белгіленген кітаптарды оқып, оқыған шығармалары бойынша өзара пікір бөліседі, ой қозғап, тәжірибе алмасады. Бұл болашақ медицина мамандарының тек кәсіби білімін арттырып қана қоймай, ішкі мәдениеті мен сөйлеу шеберлігін жетілдіруге де үлкен септігін тигізеді.
Колледжіміздің кітапқұмар студенттері жобаға үлкен қызығушылық танытып, марафон қатарына белсене қосылды. Білімді ұрпақ — ел ертеңі, ал білімнің қайнар көзі — кітапта!
Марафонға қатысушы барлық студенттерімізге рухани ізденіс пен сәттілік тілейміз!









