ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ ХХІ ғасырдағы келбеті
Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек. Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.
Бірақ, біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді.
Жоғарыда айтқанымдай дін қоғам өмірінен өз орнын алатыны сөзсіз. Осыған орай жастарымызға дұрыс бағдар, жақсы тәрбие, қоғамымызға тигізер пайдасына байланысты жеке пікір ретінде мына нәрселерді ұсынғым келеді. Қазіргі таңда оқимын, ізденем деген жастарға үлкен жолдар ашылған. Сол нәрсені дұрыс пайдалана білген дұрыс. Қазақ қоғамындағы басты байлық адам болса, ақылды да иманды, парасатты да тәрбиелі қыздар – ортаймайтын ең құнды қазына. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты.
«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені өмірдің бастау-бұлағы анадан адамзат тарап, ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі ретінде танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.
КММ директоры, психолог Сейтжанова Г. О.:
-Ата-бабаларымыз «қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, барынша аялап, оның ізетті де сыпайы, мейірімді де қылықты болып бойжеткенін қалаған. Мұқтаждық көрмей, бұла болып өсуі үшін барлық жағдайын жасаған, өйткені «қызға бергенді қызыр өтейді» деп санаған.
«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білген қазақ өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қызың мінезді болсын, ұлың өнерлі болсын» дейтін халық «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп қызды үй шаруасына үйреткенмен, оны күңше қажытпаған. Еркіндік деген есерлік емес, адамның тұлға болып қалыптасуына қажетті мүмкіндіктің бірі екенін білетін дана халқымыз қызды еркелетіп, еркін ұстаған, бірақ бетімен жібермеген.
Қатысқандар Ұлытау облысы «Қоғамдық келісім орталығы»
КММ директоры, психолог Сейтжанова Г. О.
Алматы қаласы Нұр-Мұбарак ЕИМУ философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Рыскиева А.