«Өмірің өз қолыңда: денсаулық, жауапкершілік, болашақ» — Қызылорда медициналық жоғары колледжінде маңызды кездесу өтті.
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің мәжіліс залында «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында «Өмірің өз қолыңда: денсаулық, жауапкершілік, болашақ» тақырыбында кәмелетке толмаған білім алушыларға арналған ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Шараға денсаулық сақтау саласының білікті өкілдері мен Жастар денсаулық орталығының (ЖДО) мамандары қатысып, студенттерге медициналық және психологиялық тұрғыдан маңызды кеңестер берді.
Кездесуді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С. Молдраймова ашып, жиынның басты мақсатымен таныстырды және келген қонақтарды ерекше атап өтті.
Кездесу барысында көтерілген маңызды тақырыптар:
• Дұрыс тамақтану және белсенділік: Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Жүсіпова Гүлімай Мұратбайқызы дұрыс тамақтану, таза ауа мен қимыл-қозғалыстың адам ағзасына пайдасы жайлы баяндама жасап, студенттерге пайдалы ақпараттық ұнпарақтар таратты.
• Психологиялық қолдау және «Тағдыр сақшысы»: Облыстық психологиялық қолдау орталығының психологы Бисенова Жәния Жоямергенқызы адамның психологиялық стресстері мен депрессиялық күйлері туралы сөз қозғады. Ол студенттерге: «Егер өзіңізде немесе достарыңыздың арасында осындай жай-күй байқалса, бірінші болып көмек қолын созу — үлкен азаматтық», — деп, бір-біріне қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндірді.
• Энергетикалық сусындардың зияны: Облыстық жастар денсаулық орталығының валеолог маманы Абдирова Зарина және психолог Алтынбаева Гүлзинат жастарды салауатты тамақтануға шақырды. Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде қаптап тұрған тәтті әрі газды сусындардың, әсіресе энергетикалық сусындардың жас ағзаға тигізер орасан зор зияны, оның арты ауыр қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін екендігі арнайы суреттер мен видеолар арқылы нақты көрсетілді.
Кездесу соңында студенттер өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін ұғынып, мамандардан тұшымды кеңестер алды. Заң мен тәртіпті сақтап, дені сау, саналы ұрпақ болу — әрбір жастың өз қолында!












