(KAZ) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, облыс әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен денсаулық сақтау саласын жетілдіру және халықаралық тәжірибені ұштастыру мақсатында «Денсаулық сақтау саласындағы техникалық және орта білімнен кейінгі кәсіби мамандарды даярлау мен кәсіби іске асырудың заманауи талаптары» тақырыбында ғылыми конференция болып өтті.
Шараға республика бойынша медициналық оқу орындарының, сондай-ақ алыс-жақын шетелдік оқу орындарының өкілдері мен денсаулық саласының мамандары қатысты.
Халықаралық конференцияны ашып берген облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы мен аймақтың бас дәрігері Искаков Олжас Ермекұлы алғы сөз сөйлеп, қатысушы қонақтардың ауқымды шараға қатысып тәжірибе алмасатындығы алдында алғыстарын бiлдiрiп, iзгi лебізіндерiн жеткiздi.
Шара одан әрi елiмiздегi медицина колледжінің мамандары мен Латвия, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерiнен келген медицина өкiлдерiнiң баяндамаларына ұласты. Сонымен қатар қатысушылар техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында медицина және фармацевтика қызметкерлерін оқыту мен оқыту ағымындағы үрдістерді, инновацияларды, кедергілер мен өзекті тенденцияларды талқылап, тәжірибе алмасты.
Баяндамалар легінен кейін жалғасқан панельдік сессияда «Білім беруде тәжірибелік дағдыларды жетілдіру және теориялық білім мен оларды нақты әлемде қолдану арасындағы алшақтықты азайту құралы ретінде симуляциялық технологияларды пайдалану, болашақ денсаулық сақтау саласындағы мейігер мамандардың жаңа рөлі тақырыптары түсіндірілді.
Ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен колледждің оқу-зертханалық, симуляциялық кабинеттері және оқу ғимараттары жаңғыртылған болатын. Бағдарлама бойынша қонақтар 100 жылға жуық тарихы бар Қызылорда медицина колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Яғни VR-жаттығу құралдары бар AcademiХ VR виртуалды оқу кабинеті, Пирогов интерактивті анатомиялық үстелi бар виртуалды оқу кабинеті, Academix 3D тренажорлары бар виртуалды оқу кабинеті және студенттердің тәжірибелік сабағын өткізу мақсатында ашылған жылыжай жұмысы таныстырылды. Жылыжайда Іле Алатау бөктерінде жерсіндірілген шетел және Қазақстан флорасынан әкелiнген өсiмдiктердiң 60-тан астам үлгісі тірідей әкелінсе, 43 түрі тұқым арқылы себілген болатын. Бұл жұмыстар студенттер үшін перспиктивалы бағыт болып табылады.
Ұйымдастырылған шара еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің құзыреті шегіндегі халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру және дамыту міндеттерінің бірі болап табылатын. Және бүгінгі ұйымдастырылған шарада осы мақсаттарға қол жеткізілді деп білеміз.
Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігінің денсаулық сақтау саласына, оның ішінде кадрлар даярлау, олардың біліктілігін жетілдіру бағытында жергілікті бюджеттен бөліп отырған қаржысы жыл сайын өсіп келеді. Атап айтар болсақ, соңғы 3 жылда тек қана орта буын қызметкерлерінің білімін жетілдіруге облыстық бюджеттен 532 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 1543 орта буын қызметкерлері білім деңгейлерін көтеріп отыр. Одан бөлек облыс әкімінің грантымен резентурада 167 маман оқып жатыр. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.