(KAZ) БАЛҒЫН БАЛУАНДАР БЕЛДЕСУІ
Мұз айдынында Еркін күрестен 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында аймақтық ашық турнир өтті.
Балғын балуандардың боз кілемдегі белдесуі Қызылорда медициналық жоғары колледжінде жемісті еңбек еткен, ұлағаты ұстаз, қазақ спортына еңбек сіңірген жаттықтырушы, КСРО және ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ұлт және қоғам қайраткері Оспанов Аманжол Абжаппарұлын еске алуға арналды.
Турнирдің ашылу салтанатында шәкірттері атынан сөз алған Сұлтанбек Сексенбаев, Піржанов Оразалы, Хабибашар Ерназаров
ұстаз есімін ұлықтау парызымыз деп естеліктерімен бөлісіп, жас балуандарға сәттілік тіледі. Өз кезегінде №5 қалалық емхананың бас дәрігері, колледж түлегі Сағидулла Рсалдиев Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаковтың атынан сөз алып, игі шараны ұйымдастырушыларға жылы лебізін жеткізді. Колледж директоры Жанар Калмақова сан жылдардан соң өздері білім алған оқу орнына ат басын бұрып, ұстаздарын еске алып, есімін ұлықтап жатқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. Ұстаздың отбасына да алғысын білдірді.
75 жасөспірім қатысқан белдесулер таңнан кешке дейін созылды. Боз кілемдегі бәсекеде Қызылорда қаласының жасөспірімдері өздерінің өте жақсы бабында екендіктерін байқатып, жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Тарқатып айтсақ, Темірбек Иманғали (45 келі), Қалдыбай Нұр (48 келі), Жамсапұлы Рамазан (51 келі) және Алғаш Азамат (55 келі), Қарғанбай Нұрталап (60 келі) бірінші орын иеленді.
Жаңақорғандық Қойшыбай Бағдәулет (65 келі) салмақпен өнер көрсетіп, жауырыны жерге тимеді. Ал (71 келі) салмақтағы қызылордалық Әбибулла Дінмұхаммед, Түркістан қаласынан арнайы келген (80 келі) салмақтағы Жұмабек Нұрхан, Арал қаласынан келген (92 келі) салмақтағы Марат Мұхамедәли және (110 келі) салмақтағы Ермекұлы Нұрмұхамед жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Аманжол Абжаппарұлының отбасы, әріптестері мен 1970-1990 жылдары білім алған шәкірттері тамашалады. Уақытында Аманжол Абжаппарұлының шәкірті болған азаматтар бүгінде өмірден өз орынын тапқан ардақты жандар. Бірі балуандар бапкері, енді бірі білікті медицина маманы, бірі кәсіпкер, араларында мемлекеттік қызметші де бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған колледж түлектері турнирдің жоғары деңгейде өтуіне айрықша көңіл бөлді. Ұстаздары туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, жас спортшыларға ақ баталарын берді.
Жеңімпаз балуандардың бәріне ұйымдастырушылар атынан қаржылай сыйлықтар мен медальдар табыс етілді. Колледж түлектері жиі басқосып, ұстаздарын ұлықтау шараларын жыл сайын жалғастырмақ ниетте.