(KAZ) ОҚЫРМАНДАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
Қызылорда медициналық жоғары колледжі кітапханасының оқу залында «Мейіргер ісі» -5 топпен оқырмандардың оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, ана тілге қамқорлық қатынасын жақсарту, ұлттық әдебиеттерге қызығушылығын арттыру мақсатында «Отан тарихы әдебиеттерде» тақырыбында Шерхан Мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы» атты шығармасына арналған оқырмандар конференциясы өткізілді.
Шерхан Мұртаза пейзаж арқылы кейіпкер мінезін ашуды шығармаларының негізгі өзегі етті. Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз. Ал бұл әңгімеде бас кейіпкер Әшім дәрігердің үшінші қаруын қолданып, науқас өмірін сақтайды. Ауыр дертке шалдығып, өмірден баз кешкен жас келіншектің төсекке таңылған ғұмырын сақтап қалуға қолдан келгеннің бәрін істейді. Жас дәрігер Ибн Синаның мына бір сөзімен келіншектің көңілін жұбатуға тырысады: “Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді. Сондықтан сіз мені жақтауға міндеттісіз” дейді. Осы сөздерді естіген жас келіншек дәрігер жанарынан үміт отын байқайды. Автор әңгімеде дәрігердің қызметіне деген адалдығын көрсетеді.