(KAZ) ОҢАЛТУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ӘДІСТЕРІ
Кеше «Мейіргер ісі» мамандығының М–85 тобы білім алушыларымен «Орталық және шеткі жүйке жүйесі аурулары кезіндегі медициналық оңалту» тақырыбында ашық сабақ өтті.
Сабақты «Мейіргер ісі негіздері» пәнінің оқытушысы Жұмағұлова Салтанат Бақытовна жүргізді. Сабақ «Оңалтудағы мейіргер ісі» модулі аясында ұйымдастырылды.
Сабақтың мақсаты мен міндеттері:
• Жүйке жүйесі аурулары — инсульт, бас-ми жарақаты салдарлары, мидың органикалық зақымданулары және созылмалы аурулары бар пациенттерге арналған оңалту шаралары мен тәсілдерін қолдануда білім алушылардың практикалық машықтары мен біліктілігін бекіту;
• Тәртіптілік, жауапкершілік, мейірімділік, нақтылық, пациентке назар аудару, өз ойын нақты жеткізу және өзгелердің пікірін тыңдай білу сияқты тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру;
• Өз бетінше шешім қабылдау және аналитикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Сабақ барысында глоссариймен жұмыс, ситуациялық есептер, ноутбук арқылы тапсырмалар, тест және кері байланыс парақтары қолданылды. Білім алушылар тақырыпты терең меңгеріп, үй тапсырмаларын жаңашыл әдістермен орындады. Сонымен қатар, Quizizz бағдарламасы тиімді пайдаланылып, оқыту үдерісі интерактивті форматта өтті.
Ашық сабақ жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқытушының кәсіби шеберлігі мен білім алушылардың белсенділігін көрсетті.