(KAZ) БІР СӘТТІК ІЗГІЛІК – БІРНЕШЕ АДАМҒА ӨМІР СҮРУГЕ ҮМІТ СЫЙЛАЙДЫ
Бүгін, 7 қазан күні, Қызылорда медициналық жоғары колледжінде 18 жасқа толған білім алушыларға арналған «Мәйіттік донор бойынша ақпараттық-түсіндірме» дәрісі өтті.
Дәрісті Қызылорда облысының трансплантология саласының өңірлік үйлестіруші маманы, жоғары санатты нефролог, PhD докторы Нұрсұлтанова Лиза Нариманқызы жүргізді.
«Еуропалық ағзалар доноры күніне» орай Қызылорда облысында қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың маңызын түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр.
Бұл неліктен маңызды?
Бүгінгі таңда облысымызда трансплантацияны күтіп отырған 287 пациент бар.
«Донорлық — үлкен жауапкершілікті талап ететін медициналық үдеріс. Біздің міндетіміз — барлық рәсімдердің заңнамаға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етіп, халыққа донорлықтың маңызын дұрыс түсіндіру», – дейді Лиза Нариманқызы.
Донорлық – бір адамның өмірі аяқталған сәтте, екінші бір жанның тіпті, бірнеше адамның өмірге деген үмітін жалғастыруға мүмкіндік беретін ең жоғарғы ізгілік пен адамгершіліктің белгісі.
Болашақ медицина мамандары бұл тақырыптың маңыздылығын терең ұғынып, қоғамда ақпараттандыру деңгейін арттыруға дайын екендіктерін білдірді.














