(KAZ) ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ
Қызылорда медициналық жоғары колледжінде айтулы әрі ерекше іс-шара өтті!
«Мейіргер ісі» мамандығы, «Қолданбалы бакалавр» біліктілігінің I курс ҚБ-85 топ студенттерінің ұйымдастыруымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінің мәжіліс залында Ұстаздар күніне арналған «Мұғалім – ұлттың шамшырағы» атты ашық топ сағаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның барысы мен ерекшеліктері:
• Іс-шараның шымылдығын Тәрбие меңгерушісі Г.Е. Балмаханова ашып, ұстаздар қауымына жылы лебізін білдірді.
• Топ белсендісі Динара Әлиеваның бастамасымен ұстаздық жолдың тарихы мен қадір-қасиетін баяндайтын «Ұстаз – ұлы есім» атты тағылымды бейнеролик көрсетілді.
• Тағы бір белсенді студентіміз Қарақат Қуанышбай дайындаған арнайы видео КСРО кезеңінен бастау алған бұл мерекенің тарихы мен маңызын тереңнен қозғап, көпшіліктің көңілінен шықты.
• Топ белсендісі Аяулым Абзалқызы ақын Ғафу Қайырбековтың жүрекжарды өлең жолдарымен ұстаз мәртебесін асқақтата түсті.
Ашық топ сағаты тек баяндамамен шектелмей, ұстаздар мен білім алушылар арасындағы түрлі қызықты ойындармен, интерактивті сұрақ-жауаптармен жалғасып, мерекелік сыйлықтар табысталды.
«Ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді». Адамзат өркениетінде тек мықты мектебі мен ұстазы бар мемлекет қана алға озатыны анық. Ардақты ұстаздар, диқан жерге дән сепсе, сіздер адам жанына ізгілік пен білім дәнін себесіздер.
Қадірлі ұстаздар! Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бейнетті еңбектеріңіз ақталсын. Әрбір шәкіртіңіз сіздер жетпеген биік белестерді бағындыра берсін! Төл мерекелеріңіз құтты болсын!













