(KAZ) «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ЖАСТАР ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ»
30 қазанда Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түсіндіру жұмыстарын жандандыру бағытында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жатақханасында маңызды кездесу ұйымдастырылды.
Шараға қатысқан сала мамандары өз бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді:
• Жорабек Медет (Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы) — жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері және қоғамдық белсенділікті арттыру, сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында сөз қозғады;
• Г.Е. Күзембаева (Қызылорда ҚПБ ҚҚБ ЮПБ-ның учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры) — құқықтық сауаттылық, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, түнгі уақытта жатақханадан тыс жерде жүрудің заңдық салдары мен әкімшілік жауапкершілік туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті;
• С.Т. Молдраимова (Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары) — Студенттер жатақханасында ішкі тәртіп ережелерін сақтау, білім алушылардың қауіпсіздігі мен жеке жауапкершілігі, этикалық нормалар мен өзара сыйластық мәселелеріне тоқталды.
Кездесу студенттермен еркін форматтағы ашық сұрақ-жауап түрінде жалғасып, жастар арасында кездесетін келеңсіздіктердің себептері мен оның салдары туралы сындарлы пікір алмасу орын алды.











