«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында құқықтық түсіндіру жұмыстары өтті
«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында колледж студенттерімен құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесуге Қызылорда облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ондасын Асылжан Ондасынұлы және ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Ерназарова Алия Бабабекқызы қатысты.
Сала мамандары «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында жастармен ашық сұхбат өткізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды ақпараттармен бөлісті.
Кездесу барысында қазіргі қоғамда жиі кездесетін қылмыстың жаңа түрлері – сталкинг, лудомания, дропперлік, вандализм, есірткі қолдану, интернет-алаяқтық және өзге де құқық бұзушылықтар туралы кеңінен түсіндірілді. Мамандар аталған құқықбұзушылықтардың салдары, заң алдындағы жауапкершілік және олардың алдын алу жолдары жөнінде нақты мысалдар келтірді.
Шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу. Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.












