(KAZ) «Мен алданбаймын» деп ойлау – алаяқтарға алданудың негізгі себебі
«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында колледж студенттері мен қызметкерлеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесуге Қызылорда облысының полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты А. Дәуіржанұлы қатысты.
Сала маманы қоғамда кибершабуылдар мен интернет-алаяқтық фактілерінің көбейіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, көптеген азаматтар киберсауаттылықтың төмендігінен зардап шегуде. Алайда киберқылмыскерлер түрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы сенімге кіріп, өздерін банк, пошта, полиция, медицина немесе коммуналдық қызметкер ретінде таныстырып, жеке мәліметтер мен қаржылық ақпаратты алдап алуда.
Алаяқтар «ақшаңызды көбейтеміз», «банктік реквизиттеріңізді енгізіңіз», «SMS кодты айтып жіберіңіз», «алдын ала төлем жасаңыз» деген сылтаулармен әрекет етеді.
Кездесу барысында спикер: «Мен алданбаймын» деп ойлау – алаяқтарға алданудың негізгі себебі екенін ерекше атап өтті.
Шара соңында қатысушыларға интернет-алаяқтардан сақтану жолдары көрсетілген жадынамалар таратылып, нақты кеңестер берілді.












