(KAZ) ҚЫЗЫЛОРДАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ
Пандемия уақытында адамдар жанынан шүберекке түйіп қиналған сәтте, ерікті жастардың жанашырлығын сезінді. Әсіресе медицина мамандығында оқитын жастардың белсенділікпен еріктілік тантуы көп игі істерде ерекше назар аударуда.
Баршаңызға белгілі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттары аясында Халықаралық волонтерлер жылы (IVY 2026) деп жариялады. Бұл бастама жаһандық деңгейде қолдау тауып, әлемнің түкпір-түкпірінде жастардың белсенді еріктілік қызметіне серпін беріп отыр.
Бүгін Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Денсаулық сақтау жүйесіндегі жас мамандар: медициналық колледждердің халықаралық диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік студенттік конференцияның ашылу салтанаты өтті.
Конференцияның мақсаты – болашақ медицина мамандарының кәсіби және ғылыми әлеуетін біріктіру арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, медициналық білім берудегі инновациялық идеялар мен цифрлық технологияларды ілгерілету, сондай-ақ қоғам игілігі үшін мейірімділік пен жауапкершілік және еріктілік қасиеттерін арттыру.
Конференцияға Латвия, Беларусь, Түркия
Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан
елдеріндегі медицина мамандығының студенттері ұстаздарымен бірге келіп қатысуда.
Ашылу салтанатына Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ҚР ДСМ Ғылым және адам ресурстарын дамыту департаментінің «Мейіргер ісін дамыту» басқармасының басшысы Г.И. Алмагамбетова, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Y-PEER өңірлік үйлестірушісі, UNFPA Kazakhstan өкілі Н. Хе, Білім беру қорының президенті, «Global Sapa» халықаралық академиясының құрылтайшысы Т.С. Шинчужинова қатысты.
Конференция барысында денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланып, жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, студенттердің ғылыми-практикалық әлеуетін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында мазмұнды пікір алмасу алаңы қалыптаспақ.
Іс-шара аясында студенттер «Қазақстанның цифрлық медицинасы»: Ақпараттық жүйелер мен АИ-шешімдердің интеграциясы» секілді өзекті тақырыпта озық тәжірибелерімен, инновациялық идеяларымен және ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөліседі.
Конференция медицина саласындағы білім мен тәжірибе алмасуды дамытуға, сондай-ақ халықаралық серіктестікті нығайтуға ықпал етпек.

















