(KAZ) «Қарым-қатынастағы сыйластық – жатақхана өмірінің алтын діңгегі»
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жатақханасында 1-курс студенттерінің арасында «Қарым-қатынастағы сыйластық» тақырыбында тағылымды психологиялық жаттығу өткізілді.
Үлкен өмірге қадам басып, алғаш рет отбасынан жырақтап, жатақхана өміріне бейімделе бастаған студенттер үшін бұл шараның маңызы өте зор. Жаттығудың басты мақсаты – студенттердің жаңа ортадағы қарым-қатынасын нығайту, бір-біріне деген қамқорлық, өзара түсіністік пен сыйластық сезімдерін арттыру.
Колледж психологтары Нуратова Г. А. және Абсейтова А. К. жетекшілігімен студенттер тренингтік элементтерге толы бірнеше қызықты тапсырмалар мен жаттығуларды орындады. Шара барысында студенттер жаңа достар тауып, ұжымда жұмыс істеуді, өзгенің пікірін тыңдап, құрметтеуді үйренді. Сондай-ақ, медицина мамандығының негізі – деонтология, яғни адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттері екеніне тағы бір мәрте басымдық берілді.
Қатысушылар тренинг соңында өзара еркін пікір алмасып, өздеріне үлкен рухани серпіліс пен позитивті энергия алғандарын жеткізді. Мұндай психологиялық қолдау шаралары білім алушылардың болашақта білікті де мәдениетті маман болып қалыптасуына оң ықпал етеді.














