(KAZ) ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ — ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ: КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫНДА
Үстіміздегі жылдың Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Акушерлік іс» мамандығы, 1-курс 68-топ студенттері «Анаға тағзым» орталығына танымдық саяхат жасады. Топ жетекшісі Алтаева Гүлжан Рамазанқызының ұйымдастыруымен өткен бұл шара білім алушы қыздардың рухани-мәдени өрісін кеңейтуге, болашақ маман қыздарға ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен отбасылық тәрбие негіздерін насихаттауға бағытталды.
Сапар барысында студенттер орталықтың екі арнайы студиясының жұмысымен жақыннан танысып, практикалық сабақтарға қатысты:
• «Бойтұмар» қыздарға арналған танымдық студиясы: Студенттер психологиялық тұрғыдан өзін-өзі дамыту және мақсаттарды айқындау мақсатында «Армандар» картасымен жұмыс жасады.
• «Береке» аспаздық студиясы: Орталық мамандары мен «Береке» аспаздық студиясының жетекшісі Айткүл Әбутәліпқызы бойжеткендерге ұлттық тағамдарды дайындау технологиясын көрсетті. Атап айтқанда, қамыр илеу, тәтті тоқаштар мен бауырсақ пісірудің әдіс-тәсілдері үйретілді. Сондай-ақ, ұлттық дастархан мәдениетіне сай ет асу ерекшеліктері, соның ішінде қой жіліктерін қонаққа ұсыну алдындағы кәделі мүшелеу тәртібі түсіндірілді.
Шара барысында орталық мамандары қыз балаларға дәстүр өнегелері туралы танымдық-тәрбиелік насихат айтып, қазақ ұлттық дастархан мәзірлерінің әдебіне қатысты арнайы түсіндіру сабақтарын жүргізді.
Мұндай шаралар болашақ мамандардың кәсіби білімімен қатар, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын саналы тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді. Колледж әкімшілігі мен білім алушылар ұлттық тәрбиеге үлес қосып, жылы қабылдау ұйымдастырған «Анаға тағзым» орталығының ұжымына алғыс білдіреді.











