Жат ағымнан сақтану – жарқын болашақтың кепілі!
2026 жылдың 9 қыркүйегінде Қызылорда жоғары медициналық колледжінде студенттердің діни сауаттылығын арттыру және теріс діни идеологиялардың алдын алу мақсатында өзекті кездесу өтті. Білім ордамызға Қызылорда облысының дін істері басқармасының «Діни мәселелерін зерттеу орталығының» маманы, танымал журналист Сәкен Алдашбаев арнайы келіп, студенттермен жүздесті.
Кездесу барысында білікті маман жасөспірімдер мен жастар арасында жат діни ағымдардың таралу әдістері, әлеуметтік желілердегі күмәнді ақпараттардан сақтану жолдары және деструктивті діни ұйымдардың психологиялық ықпалы туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Сауаттылық пен қырағылық — кез келген теріс үгіт-насихатқа қарсы тұрар ең басты қару екеніне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, Сәкен Алдашбаев жастарды ұлттық болмысымызды жоғалтпауға, ата-бабамыздан қалған бай рухани мұрамыз бен ұлттық құндылықтарымызды көптеп оқуға, тарихымызды терең білуге шақырды. Өйткені, ұлттық салт-дәстүр мен заманауи білімді ұштастырған жас қана жат ағымдардың жетегінде кетпейді.
Кездесу соңында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Болашақ медицина мамандары үшін бұл шараның танымдық және тәрбиелік мәні өте зор болды.













